ПАЦИЕНТТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы 
Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 193-IV Кодексі.

5-БӨЛІМ. АЗАМАТТАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ
16-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТАР МЕН МІНДЕТТЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ КЕПІЛДІКТЕРІ

89-бап. Балалардың құқықтары 
1. Әрбір баланың:

1) денсаулық сақтау жүйесінің уақтылы әрі тиімді қызметтерін және ауруды емдеу мен денсаулықты қалпына келтіру құралдарын пайдалануға;

2) денсаулық сақтау саласында білім алуға;

3) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде медициналық қарап-тексерілуге және динамикалық байқалуға, емделуге, дәрімен қамтамасыз етілуге және сауықтырылуға құқығы бар.

2. Балаларды стационарлық емдеу кезінде:

1) үш жасқа дейінгі, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтіп-бағуға мұқтаж ересек, науқасы ауыр балаларды күтіп-бағуды тікелей жүзеге асыратын анасына (әкесіне) немесе өзге адамға еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақ беріліп, онымен медициналық ұйымда бірге болу мүмкіндігі жасалады;

2) бір жасқа дейінгі баланы емізетін ана баланы күтіп-бағу үшін медициналық ұйымда болған барлық кезеңде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.

3. Мектеп жасындағы балалардың стационарлық, қалпына келтіру емін алу кезеңінде стационар, оңалту орталығы, санаторий жағдайында үздіксіз білім алуға құқығы бар.

Стационарлық балалар бөлімшелерінің және мамандандырылған стационарлық медициналық балалар ұйымдарының пациенттеріне ойын ойнау, дем алу және тәрбие жұмысын жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасалады.

4. Мүмкіндігі шектеулі, сондай-ақ АИТВ инфекциясын жұқтырған, ЖИТС-пен ауыратын балалардың білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес тегін медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау алуға құқығы бар.

АИТВ инфекциясын жұқтырған балалардың балалар үйлерінде және жалпы мақсаттағы өзге де медициналық және оқу-тәрбие ұйымдарында болуға құқығы бар.

5. Балаларды балалар үйіне және білім беру ұйымына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымға орналастыруға медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін уәкілетті орган бекітеді.

91-бап. Пациенттердің құқықтары 
1. Пациенттің осы Кодекстің 88-бабында көрсетілген құқықтардан басқа:

1) диагностика, емдеу және күтім жасау процесінде өзіне лайықты ілтипат жасалып, өзінің мәдени және жеке басының құндылықтарына құрмет көрсетілуіне;

2) қандайда бір кемсітушілік факторларының ықпалынсыз, тек қана медициналық критерийлер негізінде айқындалатын кезектілікпен медициналық көмек алуға;

3) дәрігерді немесе медициналық ұйымды, оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек көрсететін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында қызметін жүзеге асыратын шетелдік дәрігерді таңдауға, ауыстыруға;

3-1) медициналық ұйымда аудио- және (немесе) бейнебақылау және жазба жүргізілетіндігі туралы хабарландырылуына;

4) отбасының, туыстары мен достарының, сондай-ақ діни бірлестіктер қызметшілерінің тарапынан қолдау көрсетілуге;

5) медициналық технологиялардың қазіргі деңгейі қандай мүмкіндік берсе, сондай шамада дерт зардабының жеңілдетілуіне;

6) өзінің денсаулық жағдайы туралы тәуелсіз пікір естуге және консилиум өткізілуіне;

7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары болады.

2. Көру және (немесе) есту қабілеттері бұзылған адамдар үшін қолжетімділігі ескеріле отырып, пациенттің өз құқықтары мен міндеттері туралы, көрсетілетін қызметтер, көрсетілетін ақылы қызметтердің құны, олардың ұсынылу тәртібі туралы ақпаратты алуға құқығы бар. Пациенттің құқықтары туралы ақпарат медициналық ұйымдардың көрнекі үгіт орналасатын жерлерінде орналастырылуға тиіс.

Медициналық ұйымға түскен кезде пациентке өзіне медициналық қызметтер көрсететін адамдардың аты-жөні мен кәсіптік мәртебесі туралы, сондай-ақ медициналық ұйымның ішкі тәртібінің қағидалары туралы мәліметтер берілуге тиіс.

3. Медициналық көмек хабардар етілген пациенттің ерікті түрдегі ауызша немесе жазбаша келісімі алынғаннан кейін көрсетілуге тиіс. Инвазиялық араласулар кезінде пациенттің ерікті түрдегі жазбаша келісімі уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жасалады.

4. Пациент медициналық көмек алу кезінде ұсынылатын және баламалы емдеу әдістерінің ықтимал қатері мен артықшылықтары туралы деректерді, емделуден бас тартудың ықтимал салдарлары туралы мәліметтерді, пациентке түсінікті болатын нысандағы диагноз, емдік іс-шаралардың болжамы мен жоспары туралы ақпаратты қоса алғанда, өз денсаулығының жай-күйі туралы толық ақпаратты алуға, сондай-ақ оны үйге шығару немесе басқа медициналық ұйымға ауыстыру себептері туралы түсінік алуына құқығы бар.

5. Пациент өз денсаулығының жай-күйі туралы ақпаратты хабарлау қажет болатын адамды тағайындай алады. Пациенттің ақпарат алудан бас тартуы жазбаша ресімделеді және медициналық құжаттамаға енгізіледі.

6. Егер медициналық апараттың берілуі пациентке пайдасын тигізбейтіні былай тұрсын, елеулі зиянын да тигізеді деуге кесімді негіз болса ғана ақпарат пациенттен жасырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда осы ақпарат пациенттің жұбайына (зайыбына), оның жақын туыстарына немесе заңды өкілдеріне хабарланады.

7. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының клиникалық базалары жағдайында медициналық көмек алатын пациенттердің оқу процесіне қатысудан, сондай-ақ емдік-диагностикалық рәсімдердің өткізілуі кезінде үшінші тұлғалардың қатысуынан бас тартуға құқығы бар.

8. Пациенттердің құқықтарын қорғауды денсаулық сақтау органдары, ұйымдары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.

9. Пациенттің медициналық көмек алу кезінде тағайындалған дәрілік зат туралы толық ақпарат алуға құқығы бар.

10. Некелесетін азаматтардың медициналық және медициналық-генетикалық зерттеп-қаралуға құқығы бар.

92-бап. Пациенттердің міндеттері 
1. Пациент осы Кодекстің 90-бабында көрсетілген міндеттерден басқа:

1) өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға шаралар қолдануға;

2) медицина қызметкерлерімен қатынаста сыйластық пен сабырлылық көрсетуге;

3) диагноз қою және ауруды емдеу үшін қажетті бүкіл ақпаратты дәрігерге хабарлауға, медициналық араласуға келісім бергеннен кейін емдеуші дәрігердің барлық нұсқамаларын мүлтіксіз орындауға;

4) медициналық ұйымның ішкі тәртібінің қағидаларын сақтауға және мүлкіне ұқыпты қарауға, медициналық көмек алу кезінде медицина персоналымен ынтамақтастықта болуға;

5) диагностика мен емдеу процесінде, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар не оларға күдік пайда болған жағдайларда, өз денсаулығы жай-күйінің өзгерісі туралы медицина қызметкерлерін уақтылы хабардар етуге;

6) басқа пациенттердің құқықтарын бұзатын іс-әрекеттер жасамауға;

7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға;

8) медициналық ұйыммен жасалған шартқа сәйкес амбулаториялық деңгейде медициналық және дәрілік көмек алу кезінде тағайындалған барлық нұсқамаларды орындауға міндетті.

2. Осы баптың 1-тармағының 2) – 4) тармақшаларында көрсетілген пациенттердің міндеттері науқас балаға стационарда күтім жасауды тікелей жүзеге асыратын ата-анасына немесе өзге де адамдарға қолданылады.

93-бап. Медициналық көмектен бас тарту құқығы
1. Осы Кодекстің 94-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, пациенттің немесе оның заңды өкілінің медициналық көмектен бас тартуға құқығы бар.

2. Медициналық көмектен бас тартқан кезде, пациентке немесе оның заңды өкіліне оған түсінікті түрде аурудың ықтимал салдарлары туралы түсіндірілуге тиіс.

3. Медициналық көмектен бас тарту, оның ықтимал салдарлары көрсетіле отырып, медициналық құжаттарға жазбамен ресімделеді және оған пациент не оның заңды өкілі, сондай-ақ медицина қызметкері қол қояды.

Пациент не оның заңды өкілі медициналық көмектен бас тартуға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, медициналық құжаттамаға бұл туралы тиісті жазбаны медицина қызметкері жүзеге асырады және оған қол қояды.
4. Кәмелетке толмаған адамның не әрекетке қабілетсіз адамның заңды өкілдері аталған адамдардың өмірін сақтап қалу үшін қажетті медициналық көмектен бас тартқан кезде, медициналық ұйым олардың мүдделерін қорғау үшін қорғаншы және қамқоршы органға және (немесе) сотқа жүгінуге құқылы.

94-бап. Азаматтардың келісімінсіз медициналық көмек көрсету 
1. Азаматтардың келісімінсіз:

1) өз еркін білдіруге мүмкіндік бермейтін есеңгіреген, ес-түссіз жағдайдағы;

2) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардан зардап шегуші;

3) психикасының ауыр түрде бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші;

4) психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші және қоғамға қауіпті әрекет жасаған адамдарға қатысты медициналық көмек көрсетуге жол беріледі.

2. Кәмелетке толмаған адамдарға және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтарға қатысты медициналық көмек көрсетуге келісімді олардың заңды өкілдері береді. Заңды өкілдері болмаған кезде медициналық көмек көрсету туралы шешімді консилиум қабылдайды, ал консилиумды жинау мүмкін болмаған кезде – медициналық ұйымның лауазымды адамдарын және заңды өкілдерді кейіннен хабардар ете отырып, шешімді тікелей медицина қызметкері қабылдайды.

3. Азаматтардың келісімінсіз медициналық көмек көрсету осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер жойылғанға дейін жалғастырылады.

 

 

Всего комментариев: 0