Айтмұхамбетов Нұрқабыл Әбуұлы

Айтмұхамбетов Нұрқабыл Әбуұлы, 19 шілде 1961 жылы, Гурьев облысы, Ембі ауданы, Қаратон поселкесінде дүниеге келген. Мектеп бітірген соң, еңбек жолын 1978 жылдан бастаған. 1981 жылдан 1987 жылдар аралығында Алматы мемлекеттік медициналық институтының педиатрия факультетін тәмәмдаған.

1987-1988 жылдары аралығында  Гурьев  темір жол ауруханасына педиатр дәрігер ретінде интернатурадан өткен. 1988-1989 жж Бейнеу станциясының тораптық ауруханасында, 1989 жылы Қаратон учаскелік ауруханасында учаскелік педиатр, кейіннен сол аурухананың бас дәрігері болып тағайындалған. 1994 жылы Жылыой аудандық орталық ауруханасында бас дәрігердің орынбасары болып жұмыс жасаған. Сол жылдары, Теңіз мұнай кен орнындағы шет елдік мамандармен (Венгрия, АҚШ) бірлесе отырып жұмысшылардың денсаулығын жақсартуда, медициналық көмек көрсетуге ат салысқан. Сонымен бірге, 1998 жылы Жылыой аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, Жылыой аудандық орталық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарған. Осы жылдары біріккен кәсіпорын «Теңіз-Шевройл» мекемесінің қаржыландырылуымен аурухана құрылысын жүргізуге және оны жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге тікелей басшылық жасады.1998 жылдан         2006 жылға дейін Жылыой аудандық орталық ауруханасында басшылық қызметтерде жұмыс жасады.                     

2006-2018 жылдар аралығында Атырау облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, 2018-2020жж облыстық ЖИТС орталығының бас дәрігері қызметін атқарды. 2020 жылы Атырау облыстық балалар ауруханасына директор болып тағайындалды.

Нұрқабыл Әбуұлы  Жоғары санатты дәрігер ұйымдастырушы, медицина ғылымының кандидаты, қай жерде жасаса да өзінің ұйымдастыру-қабілетінің жоғарылығымен көзге түсті.

      2013-2014 жылдары СКӨБК консорциумының қаржыландыруымен, Атырау облыстық балалар ауруханасының күрделі жөндеу жұмысымен, аурухананың қосымша корпусының салынуына да тікелей басшылық жасады.

      1988 жылы ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетудегі ұзақ жылғы еңбегі үшін Қазақстан Республикасының білім және Денсаулық Сақтау Министірлігінің «Құрмет грамотасымен», Қазақстан Республикасы -Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай «Алғыс хатымен» марапатталды.

    «АДЖИП» компаниясының 2002 жылы Облыстық балалар ауруханасына спонсорлық көмекпен алып берген лапароскопиялық ота жасау құрал- жабдықтары Нұрғабыл Абуұлы келгенге дейін іске қосылмай тұрған болса, осы кісінің басшылығымен іске қосылып, қазіргі уақытта хирургияның шыңы – лапароскопиялық ота 100 пайызға жасалуда.

       Дәрігерлердің білімін жетілдіруде, соның ішінде «туа біткен кемтарлыққа» ота жасауды меңгеру мақсатында дәрігерлерді Израиль, Москва, Санкт-Петербург қалаларына жұмыс орнында тәжірибе алмасуға жіберді. Соның арқасында, қазіргі таңда ауруханада «туа біткен кемтарлыққа» ота жасалады. Ота жасауды ұйымдастыру – демеушілік және бюджеттен тыс қаржы арқылы іске асырылды. Бұл Нұрғабыл Абуұлының еңбегі.

      Өз ісінің майталманы ретінде бағаланып, «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталды.

        Жылыой аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі бола тұра, денсаулық сақтау саласындағы ұйымдастыруды зерттеп, ғылыми зерттеулерді жүргізді, сол зерттеулердің қортындысымен, 2008 жылы «Мұнай өндіретін аймақтағы халықтың өмір салтын және аурушаңдығын қалыптастыратын факторларды кешенді бағалау»  тақырыбында медицина ғылымының кандидаты атағын қорғады.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай «Алғыс хатымен» және 2013 жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдерінің үздік мекемелері арасында рейтингілік көрсеткіші бойынша төс белгілерімен марапатталған.

        2014 жылы Атырау облыстық балалар ауруханасының 40 жылдық мерейтойына орай, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Атырау облыстық комитетінің төс белгісімен марапатталды.

    Жаңа медициналық құрал-жабдықтарды іске қосу, жаңаша емдеу тәсілдерін жүргізуде ат салысты. Диагностика және емдеу мәселелерін заманауи деңгейде  жақсы меңгеріп, көптеген заманауи жаңа әдістемелерді енгізуге ықпал етті. Нұрқабыл Әбуұлының арқасында медициналық көмектің сапасын жақсарту нәтижесінде, облыстық балалар ауруханасы жұмысы жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Облыс балаларының  денсаулығын қорғауға, емдеу-алдын алуды ұйымдастыруға және  көмек көрсетуге сіңірген еңбегі орасан зор.

 

      2020 жылы орын алған пандемия кезінде, аурухананың жұмысын ұтымды ұйымдастырып,  өзінің іскер басшы екенін көрсете білді.

       Нұрқабыл Әбуұлы – Ұжымның және облыс халқының арасында дәрігер-ұйымдастырушы ретінде беделді, жоғары құрметке ие, өмірде қарапайым, моральдық жағынан ұстамды, жастарға ұстаз.